Ұлы Отан соғысының ардагері С. Рысбаевтың соғыс туралы өз қолымен жазған естелігі

1938 жылы көшіп орталыққа бардық. Біз Тегістік болып Сәмбет тоғанында қалдық. Қой көбейді. Жақсы жыл болды. Сөйтіп 1941 жылы 7-сыныпты бітірдік. Бір айдан кейін соғыс басталды. Мен 8-сыныптамын. 16 жасқа толған кезім. Бір апта ғана оқыдым. Әскерге алынып, жаяу әскер сосын атты әскер қатарына болдым. Күз айы еді. Қараша айында Қиыр Шығысқа алып кетті. Үлкендермен кішкентайларды араластырды. Әскери жаттығуы өткізді. Сол кезде немістер келіп қалған. Бізді эшелонға мінгізіп Мәскеуге аттандырды. Липецкке жетейін деген кезде таңға жақын немістер поездің тас талқанын шығарды.

Ұшақтан бомба тастады. Командир орманға баруды бұйырды. Қар тізеге дейін. Палатка қойып таңды атқыздық. Тамақ жоқ. Қарды ерітіп талқан тастап іштік. Мылтықтан басқа ештеңе жоқ. Ертеңіне қосымша адамдар келді. Курскіде бес ай тұрдық. Шабуылға шықтық, адамдар қойлар құсап қырылып жатыр. Қан судай ақты. 1945 жылы көктемде контузия алдым. Мәскеу түбіндегі пионер лагерьінде жаттым. Сонан соң Владивостокка алып келді. Ворошиловта орман ішінде болдық. 200 шақырым қалың орманның ішінде окопта 9- мамырды қарсы алдық. Қуандық. Бірақ тағы соғыс Жапонияда басталып кетті. Сталиннің телеграммасын оқу керек. Япония Кореяның жерін 20-30 жыл бұрын алып қойған. Таудың астын тесіп үстіне ағаш өсіп тұр. Іші толған қару, нан. Шекарадан өте алмадық. Қалың орман, тас жол салып, Пхеньяннан Сеулға дейін жаяу бардық. Америкалықтар ақ жалау көтерді. . Міне 60 жылдан кейін Киевтен 2 медаль, бір телеграмма келді.

ЖОМА. Ф.341 Оп.1 Св.1 Д.197