Әскери тұтқындар жамбылда да болған

image_pdfimage_print

Екінші дүниежүзілік соғыс талай тағдырды қиратып, біраз елдердің тарихында қаралы із қалдырғаны анық. Бүгінде өткеннің тарихын зерттеп, бабалары туралы дерек іздеген жеке азаматтар да, тарихты іздеумен айналысатын мекемелер де аз емес. Олардың бәрі тарихымызда ақтаңдақ болып қалған беттерін, тың деректерді іздеумен айналысады. Әрқайсысының мүддесі әрқилы. Алайда мақсаты бір. Сондықтан да архивтерге түрлі тақырыптарда сан алуан сұраныстар келіп түседі. Өткен жылы Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне облыс әкімінің тапсырмасына орай жасалған Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың тізіміне майдангер атасын қосу үшін растайтын құжатымен 1500-ге жуық өтініш келіп түскен. Оның барлығы да өңделіп, қанағаттандырылды.

Ал биыл Президент Архиві мен Елбасының кітапханасынан Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін елімізде өмір сүрген әскери тұтқындар туралы екі сұраныс келіп түсті. Бірі неміс тұтқындары туралы сұраса, екіншісі жапондықтар тұтқындар туралы білгілері келетінін жеткізіпті.

Бұған дейін Жамбыл облысының мемлекеттік архиві тек жапон әскери тұтқындары туралы іздеу жұмыстарын жүргізген еді. Соның нәтижесінде Талас аудандық архивінде сақталған бұрынғы «Қаратау» тау-кен химия комбинатының батыс аумағында орналасқан жапондық әскери тұтқындардың зираты туралы 1957 жылғы құжат көп болжамға нақты дәйек болды. Бұдан бөлек жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің жеке қорында соғыс жылдарынан қалған майдангердің алюминийден жасалған ыдысы (фляжка) бар екенін білдік. Ол ыдыстың сыртындағы иероглифтермен берілген жазу сырын білу үшін Мақұлбек Қайыпбекұлы бірнеше адамдарға көрсетіп, ойда-жоқта «Атакент» базарынан жолыққан жапондық туристерден жауабын анықтаған. Жазу – жапонша (коно окуримоно о укериру). Онда ыдыс иесінің есімі, мекен-жайы сынды деректер көрсетілгенін айтты. Бұл да Жамбыл жерінде жапондық әскери тұтқындарының болғанына бірден-бір айғақ. Зат иесі бұл ыдысты үстіміздегі жылы ашылатын «Даңқ» музейіне жәдігер ретінде тапсыратынын да айтты.

Ал неміс тұтқындары туралы ізденіс жұмысында Президент Архивімен жолданған Ресей Федеративтік Архив агенттігінің Ресей мемлекеттік әскери архивінің шығарған «Места содержания военнопленных вермахта на территории бывшего Советского Союза (1941-1956 гг.)» атты жөнсілтері үлкен септігін тигізді. Мұнда Жамбыл облысы аумағында №40,47 деген екі лагерьдің болғаны көрсетілген. Оның бірі – №47 лагерь Жамбыл қаласында 1945 жылдың қыркүйек айында бір айдай өмір сүрсе, екіншісі №40 – Қаратау станциясында 1945 жылдың қыркүйегінен 1948 жылға дейін жұмыс жасаған.

Жамбыл обысының мемлекеттік архивінің сақтауындағы Жамбыл облыстық атқару комитетінің 1945 жылдың 28-маусымдағы өкімінде Жамбыл қаласындағы паровоз жөндеу шеберханаларының құрылысын жүргізуге әскери тұтқындарды қабылдау және оларды тұрғылықты мекен-жаймен қамтамасыз ету туралы айтылған.

Нақты деректер бойынша Жамбыл облысында 1500 әскери тұтқын болған. Бұл жөнсілтердегі көрсетілген мәліметпен сәйкес келетінін де анықтадық. Ал 1947 жылдың 20-маусымда атқару комитетінің Қаратау тау-кен химия комбинатының құрылысы туралы шешімінде комбинатта 450 әскери тұтқын жұмыс істегендігі жазылыпты. Өкінішке орай, құжаттардың бірінде де әскери тұтқындардың ұлты көрсетілмеген.

You may also like...