Өрелі сөзді өрнектеген

image_pdfimage_print

Жазушы-журналист,  мұрағаттанушы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Жуалы және Талас аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулеттің 70 жасқа толуына орай Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта орналасқан, жаңадан ашылған «Даңқ» залында ғылыми конференция өткізілді. Бұл іс-шараны Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары Бекболат Серікбекұлы Орынбеков пен Сұлушаш Сәтбекқызы Құрманбекова ашып, жүргізіп отырды. Жазушының мерейтойына орайластырылған конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қаламдас бауырлары, бірге оқыған дос-жарандары, шәкірттері, облысымыздың мәдениет және архив салаларының ардагерлері, қызметкерлері жиналды. Жазушының кітаптары мен құжаттары негізінде көрме ұйымдастырылды.

Конференцияға кіріспе ретінде М.Рысдәулеттің өмірі мен шығармашылығына арналған архив қызметкерлерімен дайындалған шағын фильм көрсетілді. Одан кейін «Журналистердің ірі тұлғасы» тақырыбымен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер, «Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепберген жазушының журналистік қырын салмақтады.

Өз кезегінде филология ғылымының докторы, профессор, әдебиетанушы ғалым Сәмен Оразғалиұлы Құлбарақ «Мақұлбек Рысдәулеттің шығармалары тарихпен тамырлас» тақырыбында оның жазушылығы туралы баяндады. Ал тарихшы, Тараз  Мемлекеттік педогогикалық университетінің Инновациялық және қашықтықтан білім беру департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Ормаханұлы Мырзабеков «Облыс тарихының шежірешісі» тақырыбында баяндама жасап, архив құжаттары негізінде жарыққа шыққан еңбектерін ерекше атап өтті.

Конференция жұмысы жазушының «Конфискация» атты тарихи құнды жаңа кітабының тұсаукесер рәсімімен және құттықтаулармен жалғасты.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Берік Мақұлбек Қайыпбекұлына арналған мадақ өлеңін оқыса, ақын апамыз Шырын Мамасерікова Меркі ауданының атынан Меркінің тарихын түгендегені үшін алғысын жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев облыс ардагерлерінің атынан жазушыны мерейтойымен шын жүректен құттықтады.

Нұр-сұлтан қаласынан, Шығыс Қазақстан облысынан, Ақтөбеден, Алматыдан арнайы келген курстас достары белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Көпен Әмір-Бек, Олимпиада шежірешісі Оңдасын Елубаев, журналист-заңгер Серік Жолдыбаев, қаламдас бауырлары сатирик, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Толымбек Әлімбек, жазушы-баспагер, Ұлт қайраткері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Талғат Айтбайұлы, Жазушы, Чернобль ардагері Талғат Сүйінбай, публицист, ақын Болаи Шарақымбай және Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан келген бауырлары жылы лебіздерін білдірді.

Конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қорытындылап, Мақұлбек Рысдәулеттің ізденімпаздығын, адамгершілігі бөлек тұлға екенін атап өтті. Оның архивте шығарылған «Майдан хаттары» кітабының тұсаукесерінде болып, бұл еңбекпен жақсы таныстығын да айтып, шығармашылығына табыс тіледі.

You may also like...