31 мамыр қуғын-сүргінді еске алу күніне «ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАР ЕЛЕСІ» атты тақырыптағы көрме

image_pdfimage_print
       Саяси қуғын-сүргін – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі екендігі белгілі. Мемлекет Басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құру туралы 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығы – сөзіміздің айқын дәлелі.
       Бұл шешім – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің, жасанды зауалдан зардап шеккен жазықсыз жандардың алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстарға жаңаша серпін берді.
Тәуелсіздік таңымен бірге жазықсыз жазаланған арыстарымызды ақтау дәуірі басталды. Ашаршылықтан ес жиналмай жатып, сталиндік қанды террор мен жаппай репрессияның қасіреті төнді. Мыңдаған қандастарымыз жазықсыз жазаланды. Айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Зұлматты жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылғаны белгілі. Ал Жамбыл облысы бойынша «халық жауы» деген жалған жаламен 5 мыңнан адам жазаға тартылып, соның 845-і атылған. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев, ағайынды Нұршановтар, тіпті көпшілікке белгілі экономист, қаржыгер, академик Түймебай Әшімбаев пен даңқты қызылшашы Дариға Жантоқова апамыз да бар.
Бұл көрсеткіштер бүгінгі таңда тарихымыздағы «ақтаңдақ» беттерін қайта қараумен, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау науқанымен жаңартылуда. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, оларды жазықсыз жағылған қара күйеден аршу бүгінгі ұрпақтың парызына айналды.
          Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Зобалаң жылдар елесі» тақырыбында құжаттар көрмесі қойылған. Көрме құжаттар, фотоқұжаттар және архив құжаттары негізінде жарық көрген кітаптардан тұрады.
          Халқымыз үшін қасіретті кезең сол заманның құрбандарын еске алу баршамыздың, келер ұрпақтың мәңгі борышы. Өйткені тағдыр-талайымен тұтас бір ұлттың бұлай күйрей қырылуы адамзат тарихында сирек кездеседі.
Ендеше сол зұлмат жылдардың құрбандарының әруағына тағзым етіп, бас иейік! Қазақ халқы барда олар еш уақытта ұмытылмақ емес.
Қасиетті Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейген заманда өмір сүріп жатырмыз. Енді осынау бақытты кезеңнің бағасын біліп, қадіріне жетейік. Қазақ елі өсіп-өркендеп, өсе берсін!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған