Архив 2025: Әулиеата өңірі терең зерделеуді күтеді

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғамда зор қолдауға ие болғанын білеміз. Ғұмырында мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ел болып, еңсесін тіктеп, әлемдік өркениеттегі лайықты орнына ұмтылу барысында өткен тарихын зерделеу аса қажет еді. Рас, Тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдан-ақ халқымыздың бай тарихын екшелеп, зерттеп, зерделеу барысында орасан зор жұмыстар атқарылды. Халқымыз тарихтың қатпар-қапарында қалған байырғы тарихымен қайта қауышты. Хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз халық санасына қайта оралып, қайта тірілгендей болды. Оларға ұлан-ғайыр ас беріліп, есімдері ұлықталды. Қазақ даласының қай түкпіріне бармасаңыз да осынау киелі есімдерді кезіктіресіз.

Бұл тұрғыда қазақ елінің бір пұшпағы кешегі Әулиеата, бүгінгі Жамбыл өңірінің атқаратын рөлі зор. Олай дейтініміз Ежелгі Тараз атауы қайта оралды. 2001 жылы оның екі мың жылдық мерей тойы кеңінен аталып өтілді. Ал, 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерекесі Тараз шаһарында тойланды. Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандарға арналып еңселі ескерткіш орнатылды. Осының бәрі Әулиеата өңірінің қазақ тарихында алатын орны ерекше екендігін айғақтаса керек.
Иә, «Тараз–тарихымыздың темірқазығы». Олай болса, екі мыңжылдық тарихы бар Тараз шаһарының бай тарихын зерттеп бітті деуге әлі ерте. Оның талай сырды бүгіп жатқаны анық. Ежелгі Тараз шаһарының Жібек жолы бойында жатқанын яғни, Батыс пен Шығысты жалғаған керуен жолы екеніндігін ескерсек өзге елдердің архивтерінен Таразға қатысты деректердің әлі де табыла беретіндігі хақ.

Әулиеата өңірі қазақ даласының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Аумағы Талас пен Шу өзендері аңғарларында, Алатау мен Қаратаудың тоғысқан тұсында, Балхаш көлінің батыс жағын жайлап, Қаратау жоталарымен ұлан-ғайыр Мойынқұмды көктей өтіп, Бетпақдала даласымен шектеседі. Осы аумақта қазақ халқы өз тарихында басынан не кешті, соны өткерді. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» дейтін зарлы заманның қиямет-қайымын көрді. Қазақ-қалмақ соғысында алты Алаштың таағдыры шешілген. Аңырақай соғысын да төсінен өткерді. Үш жүз жылға созылған Ресей империясының қол астына қарап, езгісін көрді. Өткен ғасырдың басында оңтүстік халқына ылаңын тигізген Қоқан хандығының езгісін де оңай тиген жоқ. Сол жолда билеріміз жазалы болып, батырларымыз жан қиды. Осынау қиын-қыстау замандарда белі бүгілмей, бастан кешіп, ата-бабамыздың өмір бойы аңсаған азаттығына қол жеткізіп, әлемге Қазақстан болып танылған еліміздің өз тарихын зерделеуі қажет-ақ.

Жоғарыда айтып кеткендей, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарлық мақаласы отандық және шет ел архивтерінде тиянақты зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» бағдарламасын дүниеге әкелді. Қазір осынау маңызды бағдарламаны жүзеге асыру барысында жүйелі істер жоспарланып, қолға алынуда. Әулиеата өңіріне қатысты құнды деректер әсіресе Өзбекстан, Ресей елдерінің архивертерінде сақтаулы жатқаны аян. Оған себеп Қоқан хандығының езгісінде болған оңтүстік жұрты 1864 жылдан бастап Ресейдің бодандығына енді. Осы өңірде Сырдария және Жетісу облыстары құрылып, олар Түркістан генерал-губернаторлығына бағынды. Үкіметтің 1867 жылғы 11-маусымда қабылданған жаңа жерлерді басқару жөніндегі «Уақытша Ережеге» сәйкес Әулиеата уезі құрылды. Уезд батысында Түлкібас станциясы, шығысында Шу өзені, оңтүстігінде Қырғыздың Талас алқабы, солтүстігінде Шудың төмеңгі сағасына дейіңгі алқапты алып жатты. Орталығы-Әулиеата шаһары болды. Ресей бодандығына ену кезеңінен бастап, қазақ халқының тіршілігі құжат бетіне түсе бастады. Ондағы халықтың құрамы, жер-су атаулары, қаланың тыныс-тіршілігіне хабардар ететін құжаттар баршылық. Бұдан түйетін ой Ресей тарихшылары біздің тарихымызда қалай жазды, солай қабылдап келдік. Одан арғы ғасырлардағы тарихымыз тас-түнекте жатты. Бұл далада қала болмаған, қазақ жұрты мал бағып, соның ауанымен көшіп-қонып жүрген ешқандай тарих болмаған деген пікірді санамызға сіңдірген. Ал, шын мәнінде біздің байтақ тарихымыз бар еді. Ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің зерттеулерінің арқасында Әулиеата шаһары мен қатар мұнда Ақыртас, Төмеңгі Барысхан, Бектөбе, Түймекент, Құлан және басқа да бекіністердің болғанын дәлелдеді. Бұл бір ғана Әулиеата шаһарына қатысты, ал бұл өңірде Баласағұн, Саудакент қалалары сынды бірнеше қалалар болған. Олардың орнын қазып, археологиялық зерттеулерді жалғастыруда кезек күттірмейтін міндет екендігі сөзсіз. Жалпы, Әулиеата өңірі терең зерделеуді күтеді.

Біздің Жамбыл облысының архив мекемелерінде негізгі құжаттар өткен ғасырдың басынан бастау алады. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін Әулиеата уезі Түркістан АКСР-нің құрамына енді. 1924 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтарды межелеуге байланысты уездің белгілі бөліктері Сырдария, кейінірек Алматы округтерінің құрамына кірді. 1927 жылы әкімшілік-аумақтық аудандастыруға сәйкес уездің көп бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болды. Осы аз ғана мәліметтің өзінен Әулиеата өңірінің тарихы көршілес облыстардың атрихымен еншілес болып, көптеген құжаттардың сонда қалғандығын білдірсе керек. Тек 1939 жылы Жамбыл облысы құрылған сәттен бастап, архив қызметі де пайда болып өңірге қатысты құжаттар ретке келтіріле бастаған.

Тәуелсіздік таңының атуы Қазақстанның бай тарихын әлемге паш етті. Иа, енді соны аршып, айналымға енгізу санамызды жаңғыртып түп-тұқиянымызбен қауышу уақыт талабы. «Архив-2025» бағдарламасы өте өзекті бағдарлама. Осы бағытта атқарылатын істерде жемісті болуы шарт. Ұлт алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, осы бағытта еңбек ету, бағыт-бағдар беру ұлт зиялыларының міндеті ғана емес, ол баршамыздың борышымыз керек.