АШТЫҚ ЖЫЛДАРЫ: ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІНЕ ДЕ ОҢАЙ ТИМЕДІ

image_pdfimage_print
         Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсізік бәрінен қымбат» атты мақаласында аштық қасіретіне тоқтала келе: «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек»,-деген еді.
        Осы бағытта, қолға алынған ірі шараның бірі өткен ақпан айында Парламент Сенаты «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді. Сол жерде бұл тақырыпты зерттеп жүрген бірқатар белгілі ғалымдар мен сарапшы ғалымдар мемлекеттің бастамасына қолдау білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, архив материалдарын зерттеу және зобалаң жылдардың зардабын тартқан куәгерлердің естеліктерін жинақтау жөнінде ұтымды ойлар айтылған еді. Міне, соның қорытындысындай «Ашаршылық. Голод» атты архивтік құжаттармен қамтылған жинақ жарық көрді. Жерлесіміз, белгілі ғалым Берік Әбдіғалиұлының жауапты редакторлығымен жарық көрген бұл 3 томдықта Жамбыл облысында орын алған оқиғаларды қамтитын деректер баршылық. Соның бірі шу өңірінде орын алған ашаршылықты анық көрсететін баяндамалар бар.
1933 жылдың 21 наурызында Өлкелік комитет өкілі мен Халық комитеті кеңесінің өкілі Гальченко, облыстық тұтынушылар одағының уәкілі Помилуйко, Шу стансасындағы ОГПУ-дың уәкілі Шафигуллин, дәрігер Матросов, Шу селолық Кеңесінің төрағасы Вильдин, ДП-11 бастықтың орынбасары Панунников пен жұмысшы Савельев Шу станциясы мен оның аймақтарындағы тамақтандыру орындары мен көшпелі халықтарға арналған №75 баракқа тексеру жұмыстарын жүргізген. №75 барактаға жатақхана мен көшпелілердің (откочевники) тамақтану орны өрескел антисанитарлық жағдайда орналасқан. Бөлме іші тола, олардың көпшілігі әрең қозғалатын адамдарға толы. Дымқыл, кір, сасық, сыз тартқан еденде адамдар жатыр (шамамен 100 адам). Кіреберістің бұрышында аштықтан өлген мәйіт жатыр. Барак аумағы да ластанған. Барлық жерде сүйектер, жыртылған киім, адам қалдықтары және шығыс жағында 9 мәйіт жатыр, Барактың солтүстігінде тағы 1 мәйіт арықта жатыр.
         Барак орналасқан жерден шығысқа қарай 2 шақырым қашықтықта шұңқырда 5 адамның мәйіті жатыр, олардың беті жабылмаған, төменгі аяқтар мен қолдарда бұлшық еттері кесілген, бұл каннибализмді білдіреді.
Қазақ зиратында жаңадан көмілген мәйіттері бар, оны топырақтың тым жаңалығынан білдік. Савельевтің жазбасы бойынша мәйіттер үстірт көмілген.
ФЗО мектебі мен интернаты антисанитариялық жағдайда. Балалар моншада 20 күн бойы жуынбаған.
Осы жағдайдың бәрін өз көздерімен көрген уәкілдер дереу шешім қабылдап төмендегідей жұмыстарды атқаруға ұйғарым жасайды. Қабылданған ұсыныстарды құжатта қалай жазылсай, солай беруді жөн көрдік.
Алдымен ауылдық кеңестің төрағасы Вильдинге, колхоз директоры Т. Кузнецов пен дистанция бастығы Канунниковке барлық мәйіттерді жинап, жерлеуді тапсырады.
Екіншіден санитарлық дәрігер Воликтің бақылауымен барак пен оның аумағын сүйектен, шүберектен, кірден және басқа да қоқыстардан тазарту.
Үшіншіден бос үш баракты реттеп, тұрғын үй үшін жарамды күйге келтірілу қажет. Сондай-ақ барактарға 2-3 шамнан электр жарығын өткізілсін. (орындаушылар ДПТТ бастығы Каннуников және электростанциясының меңгерушісі Шушпанов).
Төртіншіден екі сағаттан соң адамдарға түскі ас-ауқатын әзірлеу. (21 наурыз 1933 жылы). 400 грамм мөлшерінде нанмен үлестіру. Сондай-ақ, 40 грамм тары, 40 грамм вермешель және 10 грамм қант, одан әрі нан беруді бір адамға 600 граммға дейін жеткізу және күніне 4 рет тамақ беруді орындау Чернов, Трусина және Сосновцева жолдастарға жүктелсін.
Бесіншіден Чернов пен облыстық тұтынушылар одағы базасының меңгерушісі Козорезовукқа кешкі сағат 5-ке дейін төсек-орынымен қамтамасыз ету;
Алтыншыдан санитарлық дәрігер Воликтің жауапкершілігімен кешкі сағат 5-те толық санитарлық өңдеу (шаш қию, дезинфекциялау және кір жуу) жұмыстарын жүргізу. Барак сыйымдылығын (45 адамға дейін) есептей отырып, орнаастыру.
           Сіздерге осы бір архивтік дерек арқылы сол заманның сұлбасын беруге тырыстық. Осы сұмдықтың бірі тып-тыныш жатқан қазақ даласына қалай келді деген ойға бас қатырамыз. Дегенмен Шу жерінде болған мұндай өрескел сұмдықтан облыстың барлық шалғайын шарпығаны рас.
Архив құжаттарында 1931-1933 жылдардағы мал және тұрғындардың шығыны нақты мәліметтер арқылы көрсетілмейді, саны белгісіз. Алайда пайызбен есептесек шығын мөлшерін нақтыламай-ақ болжамдауға болады. Оңтүстік Қазақстан облысының салық комитеті, шаруашылықтар және мал санының қосымша көрсеткіштер жөнінде жоғары жаққа ақпараттар беріпті.
Отырықшы Әулиеата, Меркі аудандарындағы төрт түлік түрлері бойынша мал санының үлес салмағы 1933 жылы 1930 жылмен салыстырғанда 23,5 пайыз көшпелі Сарысу, Талас аудандарында бұл көрсеткіш 40,7 пайыз болған. Сарысу ауданында 1930 жылмен салыстырғанда қой шығының үлес салмағы 30,7 пайыз болса, Әулиеатада бұл көрсеткіш – 46,1 пайызды көрсеткен.
1931-1933 жылдардағы Сарысу ауданы бойынша жергілікті салық ұйымының мәліметтеріне назар аударсақ, ауданда тұрғындар мен мал басының шығын мөлшері бұдан да көп болғанын аңғарар едік. Мысалы 1930 жылы аудандағы барлық шаруашылықта 30384 бас жылқы, 38025 түйе болса, 1933 жылы оның 585 жылқы мен 793 түйе ғана қалған. Осындағы қожалықтарда 1930 жылы 9412 ірі қара болған екен. 1933 жылы оның небәрі 105-і ғана қалыпты. Осы статистикалық мәліметтер аңғарғанымыз қазақ халқы күнін көретін төрт түлік басының қатты азайғаны, азық-түліктің жетіспеушілігі ашаршылыққа алып келгенінде.
Халықтың дені босып кетті. Бір ғана Талас ауданында 1930 жылы аудан бойынша 48 мың 473 адам тіркелсе, 1933 жылы оның саны 12 мың 638 болды. Сонда 35 мың 835 адам аштан өліп моласыз қалған. Немесе кейбірі отбасымен болмаса жеке жарым өзге аймақтарға қоныс аударып кеткен. Цифр тілін сөйлете берсек, зұлматтың ауқымы зор екендігін аңғаруға болады
Қазақтың басына түскен аса қайғылы, қасіретті зұлмат ашаршылық болғаны анық. Жылдар өткен сайын бұл жөнінде айтылатын сөз, жазылатын еңбек көп болатыны анық. Алдағы келе жатқан 2022 жылда 1932 жылғы «үлкен жылан» – ашаршылықтың болғанына 90 жыл толғалы отыр. Сондықтан да қалтарыста қалып кеткен, архивтің қойнауында халыққа жетпеген құнды деректерді анықтауда архив қызметкерлері аянып қалмақ емес.
Сағындық Зейнуллаұлы
Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы

You may also like...