Бүгін қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туған күні

image_pdfimage_print
Отан үшін отқа түскен жамбылдық жауынгерлер аз болмады. Олардың арасынан ерлігі мен соғысу тактикасы арқылы ерекшеленіп даңқты батырлары, тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігі, Бауыржан Момышұлындай дара қолбасшы шықты. Қан майданда қасиетті жерімізді жаудан қорғау жолында теңдессіз ерлікпен ер атанған, мыңдаған қолды бастаған батыр-Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл толып отыр.
Қазақтың біртуар азаматы 1910 жылдың 24-желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. 1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына бітірген. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Кейіннен тұрмыс жағдайына байланысты бұл оқу орнын аяқтай алмаған.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше аталып, батырлық даңқы аңызға айналған.
Жуалы жерінде дүниеге келген батыр Баукең қазақ халқының даңқын алысқа шығарған асыл перзенттердің бірі бола білді. Оның туған жері, өскен ортасы, ұшқан ұясы жайлы деректер мен дәйектер Жамбыл өңірінде жеткілікті. Біздің облыстық архивте де Бауыржан Момышұлы туралы мағлұматтар аз емес. Жеке тектік құжаттары батырдың 60 жасқа толуына орай атамекені Жуалы жерінде өткен кездесулерінен фото суреттері бар. Сонымен қатар, архив құжаттарын Жуалы аудандық атқару комитетінің 1930 жылғы құжаттарының арасында аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы Бауыржан Момышұлының қолы қойылған құжат толықтырады. Сарғайған, көне құжат анық болмаса да «Момышев» деген жазу айқын, әрі қолтаңбасы қоюлы. Бұл да бір тарих қойнауынан шерткен сыр. Құжатта қатталған қолтаңба.
Жылдар өтер, заман да өзгерер. Бірақ, Отан үшін отқа түскендер ешқашан ұмытылмауы тиіс. Баукеңнің өзі айтқандай олар отқа күймейді. Қайта биік бейнелері ерліктің алауындай асқақтай береді. Ежелден ерлеген халықпыз. Сол халықтың батыр ұлдарының ерлігі мәңгі өшпес, ұрпаққа өнеге, ұран екендігі ақиқат.

You may also like...