Бобруйск түбіндегі қан төгіс

image_pdfimage_print
         Ұлы Отан соғысының ардагері Мақсұт Райқұловтың жеке тектік қорынан алынған естелігінен.
27 июнь күні кешке қарай 407-ші полк бөлімшелерінің айбынды гвардияшыларының көгілдір өзенінен көктей өтіп, жау жақтан табан тірер жер алған болатынбыз. Қара жүрекке бойлата түйреген зауал найзасындай жау бекінісін бұза жарып қорғандағы тұтқындарды босаттық. Біздің жауынгерлер енді Бобруйск станциясын босатуға бет алдық. Біздің бөлімшелер дивизия командирінің бұйрығымен Бобруйск қаласының батыс жағына шығып, неміс фашисттерінің жолын тостық.
28 июнь күні кешке қарай жаудың артиллериясы еселеп, дүркіндете оқ төкті. Снаряд үнінен құлағың тұнады. Аспан шатынап жарылғандай. Бәсекелесе атқыласқан зеңбіректердің жарылған снарядтардың дауысынан тау бұзылып, тас жарылғандай айналаны азаннан бері күңірентуде. Көкте жемтік үстінде айналған қара құстай қалқып ұшып жүрген самолеттер. Шеңберді біраз айналып, жердегі нысананы көргенде олар құйрығын жоғары көтеріп, төмен зуылдап барып бомбаларын құмалақтағандай тастай беріп, қайта түзеліп өрши-өрлеп кетеді. Жарылған бомбалардың сарыны күннің күркірегеніндей гуілдеп естіледі. Барлығымыздың екі көз, қос құлағымыз алда. Соғыс ойраны сағат сайын өршіп, дабыл үстіне дабыл қаққандай күңіреніп, орман үстіне будақ-будақ қара түтін көрінеді. Бізге жақын жерге үлкен снаряд түсті. Бір зенит зеңбірегі расчетінің тас талқаны шықты. Көз алдымызда командир лейтенант Житемиров қазаға ұшырады. Жау 15-20 минуттай бас көтертпей ажал оғын жаудырды.
Немістер бізге ішке қарай сұғына түсті. Дегенмен, біздің жауынгерлер бірнеше рет тойтарыс берді. «Бауырлар танк келеді. Сақтаныңдар!» деген әлде кімнің даусы естілді. Қадау-қадау өскен бұта арасынан гүрілдеп келе жатқан танкілер шоғыры көрінді. Дұрыс шешім қабылдамаса жағдайдың күрт өзгеріп кетуі мүмкін. -Менің командамды тыңдаңдар!- деген Мересиев комбаттың қаһарлы даусы абыржып сасқалақтай бастағандарды селт еткізді. «Окопқа шегініңдер! Тез! Тез!» Бұл кезде танктердің қысқа ұңғысынан снарядтар атыла бастады. Көк көйлекті немістер де ырғи секіріп алға қарай қадам басуда. Сауыт бұзар жауынгерлердің шағын тобы танктердің жолын бөгеуге қалды. Мұп-мұздай темір құрсанған тажалдар ыңырана жақындап келеді. Шағын қорғаныс шебінен алғашқы оқ атылды. Танктің мұнарасына тиген оқ қып-қызыл от шашып тайып кетті.
«Тесіп өте алмады» деді Василий Иванович окоптан мойнын созып. Бұл кезде басқа жауынгерлерде қорғаныс шебіне келіп үлгерген еді. Біздің зводтың максим пулеметінің таңдайы тақылдап, сауыт бұзғыш жігіттерге ұмтылған немістердің жолын кесіп тастады. Төрт жауынгер кейін шегінді. Алғашқы танктің бензобагіне сауыт бұзар оқ дәл тиді де іле-шала қып-қызыл жалынға оранды. Екіншісінің жылан бауыры быт- шыт болып сол күйі тұрып қалды. Лезде қос танкті қиратқан екі жауынгер жер бауырлай еңбектеп жылжыды. Сол сәт қастарына снаряд жарылды. Топырақ тозаңы сейілгенде ғана қорғаныс шебіндегілер әлгінде ғана танкілердің жолын бөгеп, ротаны құрып кетуден сақтап қалған екі жауынгердің қаза тапқанын көрдік. Бар сырын ішіне бүгіп, бауырластар бейітіне есімдері беймәлім қаншама батырлар мәңгі ұйқыда жатыр. Мен сол екі жігіттің ерлігін ұмыта алмаймын. Олар кейін наградаға да ұсынылмай қалды ғой деймін. Өйткені сол 29 июнь күнгі шайқас өте қырғын болды. Соғыста ротада саусақпен санарлықтай адам қалдық. Соғыстың мұндай қатаң заңына қарсы шара таба алмайсың. Ел басына күн туғанда бар қиындықты қайыспай көтерген сондай жігіттер ғой.
Негізі: ЖОМА Қ.341 Т.1(ж) Б.9 Іс.181
Естелікті өңдеген – Ә.Баққараұлы.
Қысқартылып берілді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған