«ЕРЛІК ЕСКІРМЕЙДІ» ЖӘНЕ «ҚОНЫСТАНУШЫЛАР» АТТЫ КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ

image_pdfimage_print

Бүгін Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің Мәжіліс залында архив құжаттары негізінде «Ерлік ескірмейді» және Жамбыл облысына жер аударылған поляктар туралы «Қоныстанушылар» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесер рәсімінде «Архив – тарих қазынасы» атты құжаттар көрмесін таныстырудан басталды. Көрмеге 80 жылдық тарихы бар Жамбыл облысының тыныс-тіршілігінен хабар беретін фото-құжаттар қойылды.

Фото-құжаттар қатарына сұрапыл соғыс жылдары құрылған екі атты әскер дивизиясы, майдан даласына жөнелтілген азық-түліктер, жамбылдық делегацияның Ленинградқа мол азық-түлік жеткізуі, екі мәрте еңбек ері Ж.Қуанышбаев, диханшы Н.Алдабергенов, қызылшашы С. Оңғарбаева, Д.Жантоқовалар, Қонаевтың Жамбыл жеріне әр жылдардағы жұмыс-сапарының көріністері, облыс басшылары А.Асқаров, Х.Бектұрғановтар, Жамбыл қаласының құрылысы туралы қағида, фосфор зауытының ашылу салтанаты, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жамбыл жеріне жасаған жұмыс сапарлары, жеке тектік құжаттар бойынша баян етілді.

Бұл көрмеде сондай-ақ Жамбыл облысының құрылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихында оның дамуына сүбелі үлес қосқан 20 басшының суреттері мен өмірбаяндары бар.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Архив-2025» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай архив құжаттары негізінде «Ерлік ескірмейді» атты кітап жарық көріп отыр. (авторы Ә. Баққараұлы)

Кітапта Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ белгісіз себептермен басқа марапаттау түрлерін алған 8 жамбылдық майдангерлер туралы материалдар бар. Жинаққа Ұлы Отан соғысының бір топ майдангерлерінің өздері жазып өткізген майдан естеліктері қоса енгізілді. Жамбыл облыстық архивінің құжаттары негізінде соғыс жылдары партия және жергілікті атқарушы биліктің қаулы-қарар, шешімдері жайлы деректер түпнұсқа негізінде жарияланып отыр.

Сонымен қатар Жамбыл облысына жер аударылған поляктар туралы «Қоныстанушылар» атты кітапта жарық көрді. (авторы Н. Серікбаев) Жинаққа соғыс кезеңінде Жамбыл жеріне көшірілген (эвакуацияланған) поляк ұлтының азаматтары туралы архив құжаттар негізіндегі деректер жинақталған. Сол уақыттарда Жамбыл жерінде құрылған Поляк Патриоттар Одағы, балалар үйі мен интернаттардағы поляк балаларының тізімдері, аты-жөні мен ата-анасы туралы мәліметтер топтастырылған.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев, Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеуші Бекқұлы Әліұлы, БАҚ өкілдері қатысты.

Көрме таныстырылымнан соң «Архив-алтын көмбе» атты сандықтың ішінен шыққан «Ерлік ескірмейді» атты кітаптың тұсаукесерін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, көпшілікке кітаптың маңыздылығы жөнінде айтты. Ал «Қоныстанушылар» атты кітапты «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары тұсауын кесті.

You may also like...