“Химиктердің Мәдениет сарайы”

Тараз ұзақ жылдар бойы химиктер қаласы болып келді. Жамбыл облысында өндірілген шикізат қала орталығындағы зауыттарда өнделіп, сала басшылары одақ, одан бөлек шет елдердің химиялық тыңайтқыш жөніндегі сұраныстарын орындап отырды. Сондықтан да мемлекет бірінші кезекте жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық сұраныстарын қанағаттандыруға тырысты. 1960 жылдары қазіргі «Химпоселок» аумағында алғашқы тұрғын үйлердің іргетасы қалана бастаған еді. Химия саласының жұмысшыларының көңілді демалысын ұйымдастыруға да мемлекет ерекше көңіл бөлгені байқалады. 1960 жылдары Жамбыл қаласында алғаш рет биік, көпқабатты мәдениет үйі пайдалануға беріледі. «Химиктердің Мәдениет сарайы» деген атауды иеленген осы бір мәдени іс-шаралар жүргізетін ғимарат залы мен сахнасы тек химия саласының жұмысшылары демалатын орын емес, бүкіл қала астарының көңіл көтеретін, бос уақыттарын мәнді өткізетін орталыққа айналды.