Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директоры бастаған қызметкерлер “Тыл ардагері ” Манау атамыздың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Атамыздың өмір жолына үңілсек:
Екі ғасыр тоғысқан кезеңді еңсеріп келе жатыр. 1934 жылы туылған атамыз, ел басына түскен қиын заманды да, ауыртпалықты да, ашаршылық кезді де көрді.
Небәрі 11-12 жасар атамыз қаһарлы Отан соғысының ызғарын да сезінді. Ауылдың ересектерінен қалыспай қатар жұмыс жасады. Еңбегі еленіп, «Тыл ардагері» деген атаққа ие болып, медальдармен марапатталды.
Кейінгі тоқырау заманды да көрді. Киім, тамақ тапшылығын бастан өткізген атамыз жалғыз анасы екеуі білімге, өмірге деген құштарлығының арқасында мектепті үздік аяқтап, Жамбыл қаласындағы Культпросвет училищесін бітіреді.
Еңбек жолын Байқадам ауылында Мәдениет үйінің басшысы болып бастайды. Зейнекүл апамызбен шаңырақ көтеріп, өмірдің жаңа кезеңін бастады. Бүгінде Зейнекүл апамыз тірі болғанда 86 жасқа келіп мерейтойымызда атаның жанында отырар еді. Екеуі керегесі кең отбасын құрып, жеті ұл-қызды болды. Тамырын кеңге жайып бәйтеректей болған отбасында апамыз бен атамыз 50 жылдай бақытты ғұмыр кешті.
Әрбір ісіне жауапкершілікпен қарап, жұмысына шынайы берілген, адал болғандықтан Партия мүшесі ретінде сайланған. Облысымыздың Луговой, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарына жауапты қызметтерді жүргізіп отырды. Зеректігінің арқасында жоғары білім алып, бас есепші болып жұмыс атқарған. Өнегелі өмірдің үлгісі бола білген Манау атамыз бен Зейнекүл апамыз ұл-қыздарының бойына адамгершілік пен адалдықты сіңіре отырып жақсы тәрбие берді. Әрбір баласының жоғары білім иелері болуына мүмкіндік жасады.