ОБЛЫСТЫҚ АРХИВ ҚОРЫ КӨСЕМӘЛІ СӘТТІБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ ТЕКТІК ҚҰЖАТТАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ.

image_pdfimage_print
ОБЛЫСТЫҚ АРХИВ ҚОРЫ КӨСЕМӘЛІ СӘТТІБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ ТЕКТІК ҚҰЖАТТАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ
Жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының және Талас ауданың Құрметті азаматы,«Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің директоры Көсемәлі Сәттібаевтың жеке тектік құжаттары Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің қорын толықтыра түсті.
Көсемәлі Сәттібайұлы 1959 жылы 3 ақпанда Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, елімізге танымал жазушы, журналист.
1985 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1976 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты А.А. Жданов атындағы кеңшарда құрылысшы болып бастаған. 1979-1981 жылдары КСРО-ның Моңғол еліндегі әскери қызметінде болған. 1981 – 1986 жылдары Талас ауданындағы «Ленин жолы» («Талас тынысы») газетінде тілші, 1986 – 1991 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде тілші, 1991 –1993 жылдары Жамбыл облыстық телерадио тарату компаниясында редактор, аға редактор болды. 1993-1994 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі, 1994 – 1997 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы тілшісі, 1998 жылы Жамбыл облыстық “Ақ жол” газетінің баспа-коммерциялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1998-2004 жылға дейін республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып еңбек етті. 2004-2014 жылға дейін республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды. 2014 жылдан 2020 жылға дейін Жамбыл облыстық “Ақ жол” газеті ЖШС-ның директор-бас редакторы қызметін атқарған. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің директоры
1988 жылы жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятымен “Жалын” баспасының жабық бәйгесіне қатысып, екінші жүлдеге ие болды. Содан бері қаламгердің әр жылдарда «Шеткері үйдің жарығы» («Мерей», Алматы – 1995), «Бағдаршамның басынан кешкендері» (Салық тәртібі, Тараз – 2000), «Күнге ғашық өлкеде» («Сенім», Тараз – 2001), “Сайқымазақ дүние”(«Сенім», Тараз – 2007), “Шарбақтының жалғызы” («Ұмай», Алматы-2007), «Жаралы жапырақтар» («Сенім», Тараз – 2009), “Аран” («ҚазАқпарат», Алматы – 2012), “Хауа Ананың көз жасы”(«ҚазАқпарат», Алматы – 2014) атты көркем және публицистикалық кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Бастау» («Жалын», Алматы – 2014 ), “Кәусәр бұлақ” («Баянжүрек», Алматы – 2008, 2009), «Ең керемет дәм» («Ол-Жас», Алматы – 2008) және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген.
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Jer-Su» корпорациясы бірлесіп өткізген балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың Халықаралық “Дарабоз” әдеби бәйгесінің екі дүркін жүлдегері (2008 – үшінші орын және 2009 – бірінші орын). Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1994).
2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, 2014 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған. Қазақстан Жазушылар одағының 2017 жылғы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Сонымен қатар, “Ерен еңбегі үшін” (2009 жыл) медалімен, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен (2009 жыл), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен (2014 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 жыл), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 жыл), Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «10 жыл Астана» (2008 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 жыл), «Қазақстан полициясына 20 жыл» (2012 жыл), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014 жыл) мерекелік медалдарымен марапатталған. 2009 жылы Талас ауданының Құрметті азаматы, 2016 жылы Тараз қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.
Отбасылы, 2 ұл, 3 қыздың әкесі.
Тізімдемеге Көсемәлі Сәттібайұлының жеке тектік құжаттарын Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне тапсыру туралы өтініші, жеке куәлігі, өмірбаяны, әскери билеті, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітіргендігі туралы дипломы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағының куәліктері, қолжазбалары, отбасы және қызмет барысындағы фотосуреттері, «Талас ауданының Құрметті азаматы», «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәслихат шешімдері, «Сайқымазақ дүние», «Сумен жазылған өлең», «Хауа Ананың көз жасы», «Шың мен Шынар», «Шамаң келсе, шындықты айт», «Тәтті ертегі», «Күнге ғашық өлкеде», «Бірлікті іздеген бала немесе Ұлыстың ұлы күні болған оқиға», «Елгезек бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Әппақ шар туралы әуезе» атты кітаптары және т.б құжаттар енгізілді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған