ҚОРДАЙ АУДАНЫ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ ҒИМАРАТЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ

image_pdfimage_print
Архив – мемлекеттік маңызы бар тарихи құжаттарды сақтайтын мекеме. Шежіреге толы, халқымыздың өткені мен бүгінгі асыл қазынасы.
Қордай ауданының мемлекеттік архиві аудандық атқару комитетінің 1987 жылы 8 қаңтардағы шешімімен «Қордай ауданының атқару комитетінде жеке құрам бойынша шаруа есептік архиві» болып ұйымдастырылды.
Мекеме «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» 1998 жылғы 22 желтоқсандағы №326-1 ҚР Заңын, «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, архив саласын дамыту, қызметін жетілдіру, архивтік құжаттарды цифрлық форматқа көшіру мен электронды архив жүйесін енгізуді және аудандағы кәсіпорындар мен ұйымдардың, совхоздар мен колхоздардың архивтік құжаттарын мемлекеттік сақтауға алып, азаматтар мен мекемелердің әлеуметтік –құқықтық және басқа да сұранымдарына жауап береді. Қазіргі таңда мекеме қорында 180 қор, 52836 сақтау бірлігі есепте тұр.
Архив қоймаларының жалпы толу дәрежесі 88℅, бүгіңгі күнге 1 облыстық, 7 аудандық архив қоймалары 100 ℅ толған. Қазіргі уақытта құжат қабылдауға мүмкіншілік жоқ. Осыған орай, заманауи типтік тұрғыда Қордай ауданының архивіне жаңа ғимарат салынды. Архив ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 821,5 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта: 1 қойма, 1 құжаттарды қабылдау бөлмесі, 1 қызметкер бөлмесі орналасса, екінші қабатта 1 қойма, 1 конференц залы, 5 қызметкерлер бөлмесі мен 1 құжаттарды қайта қалпына келтіру (реставрация) бөлмесі орналасқан.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанаты басшылардың лентаны қию рәсімімен басталып, Қордай аудандық мемлекеттік архивінің тыныс-тіршілігімен, атқарған жұмыстарымен және ғимарат ішкі көріністерімен тамашалаумен жалғасты.
Ғимараттың екінші қабатында архив қорында сақтаулы Д.Қонаевтың Қордай жеріне жасаған іс-сапарлары, халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың жеке, отбасылық суреттері, Қордай жерінің топырағы жөніндегі экспедициялық карта, аудандық өнеркәсіп комбинаты, мәдениет үйі, қонақ үйі құрылысы, 1970 жылы салынған Кожкомбинат клубы, аудандық аурухана, автомобилді базасы, Георгиевка су электр станциясының бөгеті, су электр станциясының ғимараты, кожкомбинат жұмысшысы тері өңдеу сәті, 1930 жылғы Шөміш плотинасын салу жобасы секілді құжаттар көрмесі көрсетілді.
Іс-шараға Қордай ауданының әкімі Болатбеков Бекзат Сейсенқұлұлы, аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Жамангозов Бейқұт Тлебалдыұлы, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Қарсақбаева Гүлзира Елібайқызы, Жамбыл облысы, Қордай ауданының зиялы қауым өкілдері, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстық архивтерінің басшылары, Алматы, Шымкент, Тараз қалалық және аудандық архивтерінің басшылары, облыстық архив саласының ардагерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

You may also like...