Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл толып отыр. Облыстық архив мереке қарсаңында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «ҰЛЫ ЖЕҢІС ІЗІМЕН: ЖАЗУШЫ-ЖАУЫНГЕР ЕСТЕЛІКТЕРІ» атты танымдық конференция өтті.
Конференцияға Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы Айнұр Кеңесқызы, ардагер журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Бауыржантанушы Бекет Әбілдаұлы, М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Аманбайұлы, майдангер ұрпақтары: Шу қаласының тұрғыны Олжас Әлішев, Мұсабек Айтқұловтың баласы Мұсабеков Сәтжан, Сұлтанбай Ысқақовтың немерелері, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Мадияр Ералыұлы, Назым Тоқтасынқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері, архив қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: Ұлы Отан соғысының қаһарманы, ержүрек қолбасшы, қазақтан шыққан тұңғыш әскери жазушы Бауыржан Момышұлының өлмес мұрасы туралы айту.
Баукеңнің майдан жайлы естеліктерінен, қаһарманның өзі жайлы жазылған туындылардан соғыстың ауыртпалығын танып білуге болады. Іс-шара мақсаты осы мақсатқа бағытталған.
Бұдан өзге Кеңес Одағы Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ басқа марапаттау түрлерін алған жамбылдық майдангерлер туралы естелік айту. Жамбыл жерінен соғысқа аттанып, ерен ерлік көрсетіп, алайда Кеңес Одағының батыры атағын алмаған Ыбырайым Сүлейменов, Шахан Әлішев, Үмбетқұл Жиенбаев, Айтқұлов Мұсабек, Әбдірахман Каргулин, Тащан Рамазанов, Үмекеев Ургалбай, Сұлтан Маматалиевтер туралы да ұрпақтарының естеліктері айтылды.
Тарихта қанқұйлы соғыстар өзінің қисапсыз адам шығынымен есте қалды. Ал, өткен ғасырдың орта шенінде бұрқ ете қалған екінші дүниежүзілік соғыс бәрінен асып түсті. Сан миллиондаған адамдардың өмірін жалмады.
Ұлы Отан соғысына қатысы болмаған отбасы кемде-кем. Біреудің жары, біреудің ұлы, бірінің бауыры жауынгерлер қатарында шайқасты. Тіпті, бір отбасынан әкелі-балалы, бірге туған бірнеше ағайындылардың ел қорғау жолында түгелдей опат болған деректері бар.
Тылда қарттар мен жас балалар, апаларымыз бен аналарымыз, қыз-келіншектер аянбай тер төгіп, жеңіске өз үлестерін қосты. Олар майданға азық-түлік, киім-кешек жинап көмектерін көрсетті.
Соғыс жылдарында 497 қазақстандық Совет Одағы Батыры атағына ие болды деп есептелді. Егер ұлты бойынша жіктесек олардың 280-і орыстар, 96 қазақтар, 86 украиндар, 45 өзге ұлт өкілдері. 113 отандасымыз үш дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанған. Дегенмен соңғы зерттеулер бойынша, жаңартылған мәліметтерге сәйкес Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктері үшін 103 қазақ Кеңес Одағы Батыры атағына ие болған.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысы нәтижесінде Кеңес Одағының Батыры атағы даңқты қазақ қолбасшысы Бауыржан Момышұлына берілді. Сондай-ақ, 2007 жылы КСРО Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивінің құпиясыздандырылған құжаттарынан көптеген шындық жария болып, арнайы Интернет сайттарында орналастырылды. Бұдан өзге Кеңес Одағы Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ басқа марапаттау түрлерін алғандары белгілі болды.
Бауыржан Момышұлы біздің өңірдің тумасы. Жуалы жерінде дүниеге келген ол қазақ халқының даңқын алысқа шығарған асыл перзенттердің бірі бола білді. Бауыржанның туған жері, өскен ортасы, ұшқан ұясы жайлы деректер мен дәйектер Жамбыл өңірінде жеткілікті. Облыстық архивте Бауыржан Момышұлының жеке тектік құжаттары сақталған. Сондай-ақ, батырдың 60 жасқа толуына орай атамекені Жуалы жерінде өткен кездесулерінен фото суреттері бар.
Аталмыш іс-шара барысында «Ер Баукең ел есінде» атты фото-құжаттар көрмесі мен Жамбыл облыстық арнайы кітапханасы тарапынан кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.