ЖАҢА ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫНА АЙНАЛҒАН

image_pdfimage_print

Біздің республикамыздағы Конституциялық реформа Қазақстанның жаңа Конституциясына бүкіл халық дауыс берген 1995 жылғы 30 тамыздан бастау алады. Міне, сол мерзімнен бері ширек ғасыр уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қабылданған Конституция мемлекетіміздің іргетасына айналып, оның дамуына ықпал етті.

Қай елдің болмасын мемлекеттік болмысын Конституциясы айқындайды. Осы мерзімде Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Әлемдік демократияның құндылықтарын бойына сіңірген Ата Заңымыз өміршеңдігін танытты. Мемлекеттік қатынастарды реттеуде Конституция Қазақстанға мүмкіндік берді. Осының арқасында әлемдік өркениетпен қарым-қатынасын ұзартып, тіпті, әлемдік бастамаларға негіз қалады. Мәселен, ядролық қаруды таратпау жөіндегі Қазақстан бастамасы әлемдік маңызға ие. Одан бертінде қақтығыстар орталығына айналған Сирия соғысы қазақ елінің бастамасымен саябырси бастады. Осындай халықаралық қатынастарды реттеуде белсенділік танытып отырған еліміздің сыртқы саясатындағы рөліне әлемнің алпауыт елдері ризашылығын білдіруде.

Заңы өміршең елдің ғұмыры да ұзақ. Мына аласапыран заманда мемлекеттілігін нығайтып, дамудың жолына түсіп отырған мемлекеттер шын мәнінде бақытты. Біздің елімізде сондай жолмен жүріп келеді. Қазіргідей айналамыз дүрбелеңге толы, оның үстіне короновирус індеті жайлап, әлем абдырап отырған сәтте бұл қиыншылықты біздің еліміз де жеңіп келеді. Айналамызда тұрғын үйлер көптеп салынып, мектеп пен ауруханалардың қатары көбеюде. Жолдар жөнделіп ауыл мен қаланың ажары артуда. Осының бәрі жаңа қоғамның іргетасына айналған Ата Заңымыздың арқасы десек артық айтқандық емес.

Мерекелік айтулы күнге орай облыстық архивте жыл сайын Ата Заңымызға қатысты көрмелер тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Осы жолы да салттан жаңылмай шағын бұрыш орнаттық. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» деп аталатын көрмемізде Тәуелсіздіктің нығаюына, Ата Заңымыздың елімізде салтанат құруына өзіндік таңбасын қалдырып, өлшеусіз үлес қосқан Елбасының, Президент Қ.Тоқаевтың суреттері қойылған. Тәуелсіздікке дейіңгі 1926,1937, 1993,1995 жылғы Конституция тарихы мен Заңның 9 бөлімі туралы жазылып қойылған.

Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Ендеше сол Тәуелсіздігіміздің толайым табыстарына жол ашқан жаңа Конституциямыз-Ата Заңымыздың 25 жылдығы құтты болсын. Ата Заң мемлекетіміздің одан әрі нығаюына қызмет ете берсін.

You may also like...